Последние новости

Республикалық нотариаттық палатаның ЖАРҒЫСЫ

2012 жылдың 27 сәуір айында
Қазақстан Республикасының
аумақтық нотариаттық палаталар Өкілдерінің
IХ Съезімен бекітілген

 

Республикалық нотариаттық палатаның
ЖАРҒЫСЫ
 

1.     Жалпы ережелер

 

1.1.  Республикалық нотариаттық палата (бұдан әрі мәтін бойынша – РНП) аумақтық нотариаттық палаталарды (бұдан әрі мәтін бойынша – АНП)  біріктіретін  коммерциялық емес кәсіби өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады.

1.2. РНП Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексіне, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» ҚР Заңына, «Нотариат туралы» ҚР Заңына, өзге де заңнамалық актілерге және осы Жарғыға сәйкес әрекет етеді.     

1.3. АНП - әрбір облыстың, республикалық маңызды қалалардың және Қазақстан Республикасы астанасының аумағында құрылған және заңмен белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркеуден  өткен нотариаттық палаталар болып танылады.

1.4. РНП шексіз мерзімге құрылған және өз қызметін Қазақстан Республикасының барлық аумағында жүзеге асырады.     

1.5. РНП заңды тұлға болып табылады және дербес балансында көрсетілетін өз меншігінде оқшауланған мүлікке және банк мекемелерінде есеп айыру шоттарына ие. РНП өз атынан мүліктік және мүліктік емес құқықтарды иеленуге және жүзеге асыруға, сондай-ақ міндеттерді атқаруға, сотта жауапкер мен талапкер болуға  құқылы.

1.6. РНП коммерциялық емес ұйым бола отырып, басты мақсаты ретінде пайда табуды көздемейді және алынған табысты өз мүшелері арасында үлестірмейді.

РНП кәсіпкерлік қызметті тек оның жарғылық мақсаттарына қайшы келмейтін жағдайда ғана жүзеге асыра алады.

1.7. РНП келесі ұстанымдар негізінде құрылған және әрекет етеді:

-  АНП мүшелігінің теңдігі;                                    

-  нотариустардың және АНП-ның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және көтермелеу;

-  өз қызметінің заңдылығы мен ашықтығы;

-  мемлекеттік органдармен және мемлекеттік емес ұйымдармен, соның ішінде халықаралық және шетелдік ұйымдармен тең құқылы ынтымақтастықты орнату;

-  жарғылық қызметі мен нотариат мәселелері бойынша өз мүшелерінің пікірлері мен ұстанымдарын өзара құрметтеу;

-  өзін-өзі басқару және өзін-өзі қаржыландыру.

 

ІІ. РНП-ның орналасқан жері

 

2.1. РНП-ның заңды мекен-жайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Есіл ауданы, Астана қаласы, Сарайшық көшесі, 38 үй, 5 пәтер

 

ІІІ. РНП қызметінің пәні мен мақсаттары

 

3.1. РНП құрудың мақсаты:

-  нотариаттық іс-әрекеттер жасау жолымен жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін білікті заңгерлік көмек көрсететін құқықтық институт ретінде нотариатты құру және алдағы уақытта дамыту;       

-  мемлекеттік құқықтық саясатты жүзеге асыруға қатысу;        

-  нотариустардың халықаралық қоғамдастықтарында Қазақстанның нотариат институтын тану;      

-  нотариат туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша, нотариустардың кәсіби қызметімен және республикада нотариаттық қызмет көрсетуді ұйымдастырумен байланысты мәселелер бойынша  мемлекеттік басқару органдарында АНП мүдделеріне өкілдік ету.

3.2. РНП қызметінің пәні:

-  білікті заңгерлік көмек көрсетуді ұйымдастыруға қатысу;      

-  2010-2020 жылдарға мемлекеттік құқықтық саясат Тұжырымдамасының ережелерін түсіндіруге және жүзеге асыруға қатысу;

- республикада нотариатты дамыту Тұжырымдамасын әзірлеуге қатысу;

- жоғарғы және мамандырылған заң орта оқу орындары үшін нотариат бойынша оқу-әдістемелік материалдар дайындауға қатысу;

- нотариустардың әлеуметтік және өзге де құқықтарын қорғаудың құқықтық, ұйымдық және қоғамдық механизмдерін жетілдіруге көмек көрсету;

- нотариаттық аймақтарда нотариаттық қызмет көрсетудің түрлері мен әдістерін жетілдіру;

- АНП мен нотариустардың кәсіби құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.

3.3. РНП қызметінің негізгі түрлері келесілер болып табылады:

- нотариатты дамытудың бағдарламалары мен стратегияларын әзірлеуге қатысу;

- АНП қызметін үйлестіру;

- жарғылық қызметі мен құқық қорғаушы жұмысын ұйымдастыруда АНП-ға заңгерлік және басқа да көмек көрсету;

- мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда, соның ішінде шетелдік және халықаралық ұйымдарда, АНП мен нотариустардың мүдделеріне өкілдік ету;

- нотариат мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының әділет Министрлігінің заңжобалық және сараптамалық қызметіне қатысу;

- нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу;

- нотариат саласында бақылау қызметі;

- нотариат туралы заңнаманы жетілдіру бойынша және мемлекеттік басқарудың сәйкес органдарына халыққа нотариаттық қызмет көрсетудің сапасын жақсарту бойынша ұсыныстарды өңдеу;

- республика нотариустарының құқық қолданушы тәжірибесін реттеу және жинақтау;

- нотариаттың өзекті мәселелері бойынша ғылыми және әлеуметтік зерттеулерге қатысу;

- нотариаттың дамуы мен РНП-ның жарғылық қызметінің мәселелерін БАҚ-та баяндау;

- нотариат мәселелері бойынша сот тәжірибесін жинақтау бойынша сот органдарына ұсыныстар енгізу;

- нотариат мәселелері бойынша мемлекеттік, мемлекеттік емес, үкіметаралық органдармен және ұйымдармен ақпараттармен алмасуды ұйымдастыру;

- нотариат мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу орталығын құру;

- АНП қызметінің оң тәжірибесін жинақтау және тарату;

- республиканың заң ЖОО студенттері мен магистранттары арасында нотариат бойынша ең үздік ғылыми жұмысқа байқаулар жариялау және көтермелеу;

- ең үздік нотариустар мен АНП үшін РНП-ның арнайы марапаттарын, сыйларын және гранттарын жариялау;

- республикада қайырымдылық және өзге де ағартушылық акцияларды ұйымдастыру;

- баспа қызметін ұйымдастыру және оған қатысу;

- арнайы республикалық журнал «Нотариус бюллетенін» құру;

- нотариустың Ар-намыс кодексін әзірлеу және бекіту;

- АНП мен нотариустардың әлеуметтік және кәсіби құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету бойынша шараларды өңдеу және қолдану;

- нотариат бойынша әзірленуші заңнамалар мен басқа да нормативтік құжаттар бойынша құқықтық және өзге де сараптамаларды ұйымдастыру;

- халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдарда нотариат қоғамдастығының мүдделеріне өкілдік ету;

- нотариат бойынша нормативтік құқықтық, аналитикалық, ақпараттық-анықтамалық және басқа да құжаттар мен материалдар жинақтарының мерзімдік басылымын құруды ұйымдастыру;

- нотариустардың біліктілігін арттыру бойынша оқытуды, семинарларды және тренингтерді ұйымдастыру;

- қолданыстағы заңнамаға және осы Жарғыға қайшы келмейтін өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру;

3.4. Жарғылық қызмет түрлерін жүзеге асыру мақсатында РНП-мен қабылданған шешімдер барлық АНП мен республика нотариустарымен орындалуы үшін міндетті.

 

 ІV. РНП-ның құқықтары мен міндеттері

 

 4.1. Заңнамамен белгіленген тәртіпте заңды тұлғаның коммерциялық емес түрі «Республикалық нотариаттық палата» дербес ұйымдық-құқықтық нысанда РНП-ның құқықтық қабілеті оның мемлекеттік тіркеуден өткен сәтінен басталады.

4.2. РНП келесілерге құқылы:

- банк мекемелерінде шоттарға ие болуға;

- қазақ және орыс тілдерінде өз атауымен мөрге, мөртабанға, бланкілерге және эмблемаға ие болуға;

- меншігінде немесе жедел басқаруында оқшауланған мүлікке және дербес балансқа ие болуға;

- мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарға ие болуға және жүзеге асыруға;

- сотта талапкер және жауапкер болуға;

- нотариат мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен немесе қоғамдық ұйымдармен меморандумдар мен келісімдер жасауға;

- азаматтық-құқықтық мәмілелер мен еңбек шарттарын жасауға;

- бұқаралық ақпарат құралдарын құру және баспа қызметін жүргізуге;  

- АНП-дан және (немесе) жеке нотариустардан нотариаттық қызмет көрсетудің немесе нотариат тәжірибесінің жағдайы мен мәселелері туралы ақпаратты, сондай-ақ республикада нотариат институтын жетілдіру бойынша олардың ұсыныстарын сұратуға;

- нотариат қызметінің жағдайына бақылау жүргізу және бақылау қызметінің нәтижелері туралы өзінің арнайы басылымдарында жариялауға;

- нотариат бойынша нормативтік құқықтық актілердің әзірленуші жобаларын сараптау үшін сарапшыларды (мамандарды) тартуға;

- жарғылық міндеттерді іске асыруға бағытталған қолданылатын шаралар мен өткізіліп жатқан іс-шараларды қаржыландыруға;

- нотариустар үшін РНП-ның арнайы марапаттарын, сыйларын және гранттарын құруға; 

- АНП мен нотариустарды материалдық қолдаудың арнайы қорын құруға;

- нотариат мәселелері бойынша халықаралық және республикалық форумдарда нотариат қоғамдастығының мүдделері мен ұстанымдарына өкілдік етуге;

- РНП қаражатымен қаржыландырылатын ғылыми-зерттеу және білім беру ұйымдарын құруға;

- АНП жұмыстарының оң тәжірибесі мен нотариустардың құқық қолданушы тәжірибесін жинақтауға және таратуға;

- өзінің жарғылық міндеттеріне сәйкес келетін мөлшерде ғана кәсіпкерлік қызметпен айналысуға;

- нотариат сұрақтары бойынша халықаралық коммерциялық емес жобаларға қатысуға;

- қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтін басқа да қызметтерді жүзеге асыруға.

4.3. РНП міндетті:

- Жарғыны қатаң сақтауға және оның ережелерін жүзеге асыруды қамтамасыз етуге;

- Жарғы бойынша және РНП-ның басқару органдарымен қабылданатын құжаттар бойынша түсіндіру жұмысын жүзеге асыруға;

- заңға және осы Жарғыға сәйкес АНП жұмысын үйлестіру;

- мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда АНП мен нотариустардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және өкілдік ету, оларға құқықтық және өзге де көмек көрсету;

- ҚР әділет Министрлігіне жыл сайын өз қызметі туралы ақпарат ұсыну;

- бухгалтерлік және статистикалық есеп жүргізу.

 

V. РНП мүшелігіне кіру және шығу талаптары мен тәртібі

 

5.1. РНП мүшелері АНП болып табылады.

5.2. РНП мүшелігіне қабылдау АНП мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі қоса берілетін РНП құрамына кіру туралы АНП өтініші негізінде жүзеге асады.

РНП мүшелігіне кіру туралы өтініш РНП Басқарма отырысында оны берген сәттен бастап 30 күннен кешіктірмей қаралады.

АНП-ға РНП мүшелігіне қабылдаудан бас тарту мүмкін емес.

5.3. РНП мүшелігінен шығу АНП мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі қоса берілетін РНП құрамынан шығу туралы АНП өтініші негізінде жүзеге асады.

РНП мүшелігінен шығу туралы өтініш РНП Басқармасына беріледі және РНП-ның Басқарма отырысында оны берген сәттен бастап 30 күннен аспайтын мерзім ішінде қаралады.

5.4. АНП РНП басқару органдырының құрамдарында съездің немесе РНП Басқармасының шешімдерімен құрылатын өзінің өкілдері ретінде РНП Басқармасында, Ревизиялық және өзге де комиссияларда көрініс табады.

5.5. Өз өкілдері ретінде РНП мүшелері келесілерге құқылы:

- РНП-ның басқару органдарының  құрамдарында болу және олардың жұмысына қатысуға;

- осы Жарғыдан туындайтын РНП-ның басқару органдары деңгейінде талқылау үшін кез келген ұсыныстар енгізуге;

- нотариаттың талқыланушы мәселелері бойынша палата ұсынған ұжымдық пікірлер мен ұстанымдарды қорғауға;

- жарғылық қызмет аясында РНП-мен қабылданатын шаралар мен өткізілетін іс-шаралар туралы нотариустарға мәлімет үшін ақпараттар алуға;

- орындарда нотариаттық қызмет көрсету мәселелерін шешу үшін РНП-дан материалдық, құқықтық немесе басқа да көмек алуға;

- РНП балансындағы мүлікке құқығын растайтын құжаттарға, сондай-ақ РНП-ның ревизиялық комиссиясының актілеріне қол жетімді болуға.

5.6. РНП мүшелері міндетті:

- осы Жарғымен қарастырылған қызмет түрлерін іске асыруға және мақсатты орындауға бағытталған РНП саясатын жүзеге асыруға;

- өз өкілдері ретінде РНП-ның басқару органдарының және құрылушы құрылымдарының жұмысына қатысуға;

- осы Жарғы ережелерін сақтауға;

- осы Жарғымен қарастырылған құзыреті шегінде нотариат мәселелері бойынша РНП-ның басқару органдары шешімдерінің қатаң орындалуын қамтамасыз етуге;

- РНП Жарғысымен және Съезімен анықталатын тәртіпте, көлемде және мерзімде мүшелік жарналарды төлеуге;

- РНП-мен жарияланатын журналдардың және өзге де ақпарат құралдарының беделіне материалдық және моральдық қолдау көрсетуге;

 - республиканың нотариаттық қоғамдастығының моральдық және кәсіби бірлігін қамтамасыз етуге;

- нотариустың ар-намыс Кодексінің ережелерін нотариустардың қатаң орындауын қамтамасыз етуге;

- алты ай және күнтізбелік жыл ішіндегі жұмысының нәтижелері бойынша өз қызметі туралы ақпаратты, сондай-ақ РНП-ның басқару органдарымен сұралатын басқа да мәліметтерді РНП-ға ұсынуға;

- РНП-ның басқару органдарының, ревизиялық және өзге де комиссияларының жұмысына қатысу үшін өз өкілдерінен делегат жіберуге немесе уәкілеттік беруге;

- Қазақстан Республикасының заңнамасынан және осы Жарғыдан туындайтын басқа да міндеттерді орындауға.

 

VІ.  РНП-ның басқару органдарының құрылымы,

Қалыптастыру тәртібі және құзіреті

 

6.1. РНП басқару органдарының келесі жүйесіне ие: 

РНП-ның жоғарғы басқару органы АНП өкілдерінің Съезі болып табылады (бұдан әрі – РНП Съезі).

Басшысы РНП Төрағасы болып табылатын РНП Басқармасы басқарудың атқарушы органы болып табылады. Осы Жарғымен Съездің ерекше құзыретіне жатқызылған мәселелерді қоспағанда, РНП Басқармасы РНП қызметіне ағымды басқаруды жүзеге асырады.

Бақылаушы орган РНП-ның Ревизиялық комиссиясы болып табылатын

6.2. РНП Съезінің ерекше құзыретіне келесі мәселелер жатады:

- РНП Жарғысын қабылдау, оған өзгертулер мен толықтырулар енгізу;

- РНП Төрағасын, РНП-ның Ревизиялық, Мандаттық және өзге де комиссияларын сайлау, олардың өкілеттіктерін тоқтату, соның ішінде мерзімінен бұрын;

- нотариат бойынша арнайы бағдарламалар мен жобаларды бекіту;

- РНП Басқармасының қызметі туралы РНП Төрағасының және РНП-ның қаржы-шаруашылық қызметінің жағдайы туралы Ревизиялық комиссия Төрағасының есептемесін бекіту;

-РНП қаражаты есебінен қаржыландырылатын баспа, білім және өзге де құрылымдық бөлімшелерді, филиалдарды, өкілдіктер мен ұйымдарды құру туралы шешімдерді қабылдау;

- АНП-ның мүшелік жарналарының көлемін, тәртібін және мерзімдерін бекіту;

- нотариустардың ар-намыс Кодексін бекіту және оған өзертулер мен

толықтырулар енгізу;

- РНП-ның қаржы-шаруашылық қызметін тексеру нәтижелері туралы Ревизиялық комиссияның актілерін бекіту;

- нотариат туралы заңнамалық актілерге РНП-мен ұсынылатын өзгертулер мен толықтыруларды талқылау, талқылау қорытындылары бойынша тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын ұсыныстар туралы сәйкес шешімді талқылау;

- РНП қызметіне қатысты қандай да бір мәселелер бойынша шешімдер қабылдау;

- қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтін басқа да мәселелерді қарастыру.

6.3.РНП-ның кезекті Съезі екі жылда бір рет шақырылады.

6.4. Съезд (кезекті және кезектен тыс), оның күн тәртібі, өткізу күні және жері, өкілдік ету нормасы мен делегаттарды сайлау тәртібі анықталатын РНП Басқармасының шешімі бойынша шақырылады.

6.5. РНП-ның кезекті Съезін шақыру туралы Басқарма шешімі оны өткізу күніне дейін екі ай бұрын қабылдануы тиіс. Съезд шақыру туралы шешімді қабылдаған сәттен бастап 15 күн ішінде, бірақ Съезд өткізгенге дейін 30 күннен кешіктірмей, РНП Басқармасы күн тәртібін, оның өткізу күнін, жерін және өкілдік ету нормасын көрсете отырып, АНП-ға хабарлайды.

6.6. РНП-ның кезектен тыс Съезін шақыру РНП Төрағасымен, Басқармасымен, Ревизиялық комиссиясымен немесе РНП-ның 1/3 мүшелерімен ұсынылуы мүмкін.

 Кезектен тыс Съезді шақыру туралы бастамашы-палаталармен қабылданған шешім күн тәртібінің сұрақтары мен оларды енгізу себептерін, өткізудің болжалды күні мен жерін  көрсете отырып, жазбаша түрде РНП Басқармасына оны қабылдаған күннен бастап он күннен кешіктірмей жолданылады.

Кезектен тыс съезді шақыру туралы бастамашы-палаталардың ұсынысын басқа бестен кем емес АНП қолдаған жағдайда, РНП Басқармасы кезектен тыс Съезді шақыру туралы шешім қабылдайды.

РНП Төрағасының, Басқармасының және Ревизиялық комиссиясының ұсынысы бойынша кезектен тыс Съезд шақыру үшін АНП-ның алдын ала келісімі талап етілмейді.

6.7. РНП Съезіне (кезекті және кезектен тыс) делегаттар РНП Басқармасының шешіміне сәйкес АНП нотариустарының жалпы жиналыстарында сайланады.

Нотариустардың жалпы жиналыстары АНП Жарғыларымен бекітілген тәртіп бойынша шақырылады және өткізіледі.   

6.8. РНП Съезіне сайланған делегаттардың іссапар шығындарын төлеу АНП қаражаттары есебінен жүзеге асырылады.

6.9. РНП Съезі, егер оның жұмысына Съезге сайланған делегаттардың жалпы санынан 2/3-ден кем емесі қатысатын болса, күн тәртібі бойынша шешімдер қабылдауға құқылы.

Шешімдер Съезге қатысушы делегаттардың санынан көпшілік даусымен ашық немесе жасырын дауыс беру жолымен РНП Съезімен қабылданады.

Дауыс беру нысаны (жасырын немесе ашық) Съезбен бекітіледі.

6.10. Съезд делегаттарының өкілеттіктерін анықтау үшін Мандаттық комиссия сайланады.

Мандаттық комиссиямен берілетін делегаттардың мандаттары өткізілетін Съезд жұмысының кезеңіне ғана жарамды.

 6.11. Съездің күн тәртібіне кірген мәселелер бойынша Съезде қабылданатын шешімдер бойынша делегаттардың дауыстарын санау үшін Есеп комиссиясы сайланады.

АНП-дан бір делегат Съезде тек бір дауысқа ие. РНП Съезінде сенімхат бойынша басқа тұлғамен дауыс беруге жол берілмейді.

6.12. Съезде қабылданатын құжаттармен жедел жұмыс жасау үшін, қарардың, шешімдердің жобаларын дайындау үшін Редакциялық комиссия сайлануы мүмкін.

6.13. Мандаттық, Есеп және Редакциялық комиссия мүшелері Съезд делегаттарының жай көпшілік даусымен сайланады.

6.14. Съездер арасындағы кезеңде РНП қызметімен төрт жыл өкілдік мерзімімен РНП Басқармасы басқарады.

РНП Басқармасының мүшелері өз өкілеттіктерін орындауын өтеусіз негізде жүзеге асырады.

6.15.  Әрбір АНП РНП Басқармасының құрамында тек бір ғана өкілі – АНП Төрағасы болуы тиіс.

6.16. РНП Басқармасы, егер оның жұмысында мүшелерінің 2/3-ден кем емесі қатысатын болса, шешімдер қабылдауға құқылы.

6.17. РНП-ның Басқарма отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі, бірақ жылына екі реттен кем емес.

6.18. РНП-ның Басқарма отырысы РНП Төрағасының немесе РНП Басқарма мүшелерінің ұсынысы бойынша шақырылады және РНП Төрағасымен жүргізіледі.

РНП Төрағасы отырысқа шақыру туралы Басқарма мүшелеріне оны өткізгенге дейін он бес күннен кешіктірмей хабарлайды және алдағы отырыстың материалдарымен қамтамасыз етеді.

6.19. РНП Басқармасының шешімдері ашық дауыс берумен Басқармаға қатысушы мүшелердің көпшілік даусымен қабылданады.

РНП Басқармасының мүшелерінің сенімхат арқылы дауыс беруіне жол берілмейді. РНП-ның Басқарма отырысында дауыстар тең болған жағдайда, оның Төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

6.20. РНП Басқармасының құзыретіне келесі сұрақтар жатады:

- осы Жарғымен қарастырылған тәртіп бойынша Съезд шақыру туралы шешім қабылдау;

- Съезд жұмысына қатысу үшін АНП Съезд делегаттарының өкілдік нормасын белгілеу туралы шешім қабылдау;

- кезектен тыс Съезд шақыру туралы АНП бастамашы-палаталарының шешімдерін қарастырып шешім шығару;

- Съезд материалдарының жобаларын дайындау;

- республикада нотариаттың даму бағдарламаларын (тұжырымдамаларын, жобаларын) әзірлеуге қатысу;

-  АНП-ның, олардың Басқармалары мен Төрағаларының, сондай-ақ РНП құрылымдарының жұмысын үйлестіру;

- РНП құралдары есебінен баспа, білім және басқа да құрылымдарын құру;

- РНП-ның жыл сайынғы бюджетін бекіту;

  -жекеше нотариустардың кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыру бойынша шараларды ұйымдастыру;

- РНП-ның Басқарма мүшелерінің санынан РНП Төрағасының орынбасарын сайлау және оның өкілеттігін анықтау;

- РНП Басқармасының комиссиялары туралы ережелерін бекіту;

- РНП-ның жарғылық қызметінен туындайтын түрлі шараларды ұйымдастыру;

- нотариат бойынша халықаралық және республикалық форумдарда, соның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс немесе гранттар бойынша тендерлерде қатысу мәселелері бойынша РНП-ның қатысуы туралы шешімдер қабылдау;

- нотариат мәселелері бойынша ҚР әділет Министрлігімен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу;

- республикада нотариаттық қызметті ұйымдастыру саласында пайда болатын кез келген мәселелерді қарау және талқылау;

- нотариат қызметін бақылауды ұйымдастыру;

- нотариаттық палаталар мен нотариустар үшін түсіндіру, әдістемелік, ақпараттық-анықтамалық, статистикалық материалдарды өңдеу;

- «Нотариус бюллетені» журналын басып шығару және тарату;

- нотариат мәселелері бойынша ғылыми және әлеуметтік зерттеулерді ұйымдастыру;

- нотариат бойынша қайырымдылық және ағартушылық акцияларды ұйымдастыру;

- «Жылдың ең үздік нотариусы» атағына байқау ұйымдастыру;

- РНП-ның арнайы марапаттарын, премияларын және гранттарын құру;

- нотариат бойынша әзірленуші заңнамалық және басқа да нормативтік құқықтық актілер бойынша құқықтық және басқа да сараптамаларды ұйымдастыру;

- ҚР әділет Министрлігіне РНП қызметі туралы ақпаратты жыл сайын ұсыну;

- РНП Съездерінің, Басқармасының және Ревизиялық комиссиясының шешімдерін орындауды ұйымдастыру;

- РНП Төрағасының ұсынуымен РНП Басқарма аппараты қызметкерлерінің штаттық санын, еңбекақы мөлшерін және басқа да төлемдерін бекіту;

- осы Жарғыға қайшы келмейтін басқа да мәселелерді шешу;

- қолданыстағы заңнамаға және осы Жарғыға қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру.

6.21. РНП-мен РНП Басқармасымен қатар төрт жыл мерзімге сайланатын РНП Төрағасы басқарады.

Төраға болып сайлау күніне дейін бес жылдан кем емес мерзімде нотариаттық палатаның мүшесі болған нотариус сайланады.

6.22. РНП Төрағасы жасырын дауыс беру жолымен Съезде сайланады. Съезд делегаттарының көпшілік дауысын жинаған кандидат РНП Төрағасы болып танылады.   

Сайлауда бірнеше кандидат қатысқан жағдайда, РНП Төрағасын сайлау осы Съезде екі турда өтуі мүмкін.

Егер РНП-ның Төрағасы қызметіне кандидаттар көпшілік дауысын жинамаса, осы Съезде өткізілетін дауыс берудің екінші туры өткізіледі. Екінші турда дауыс беру үшін тізімге ең көп дауысқа ие болған екі кандидат қосылады. Екінші турда ең көп дауыс жинаған кандидат РНП Төрағасы болып сайланады.

6.23. РНП Төрағасы өз өкілеттіктерін орындауға Съезде сайлау нәтижелерін жариялаған сәттен бастап кіріседі және жаңа Төрағаны сайлау нәтижелерін хабарлаған сәттен бастап немесе Төраға өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуы туралы Съезд шешім қабылдаған сәттен бастап тоқтатады.

6.24. РНП Төрағасының өкілеттіктерін орындау келесі жағдайларда мерзімнен бұрын тоқтатылады:

а) ол қаза тапқан жағдайда, денсаулық жағдайы бойынша өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға қабілетсіздігі;

ә)осы жарғымен жүктелген өзінің қызметтік міндеттерін тиісті емес орындағанда;

б) РНП-ның Төраға өкілеттіктерін жүзеге асырудан оның ерікті бас тартуы;

в) оның жүктілігі және босануы бойынша демалыста болуын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілген еңбекке қабілетсіздігіне анағұрлым ұзақ мерзім белгіленген аурулар тізбесіне енгізілген жағдайларды қоспағанда, еңбекке қабілетсіздігі салдарынан 2 (екі) айдан аса Төраға қызметтерін атқармауы. 

6.25. Осы Жарғының 5.24. тармағында көрсетілген РНП Төрағасының мерзімінен бұрын өкілеттіктерін жою үшін негіздер болған жағдайда, РНП-ның жаңа Төрағасын сайлауды өткізгенге дейін міндеттерді орындау РНП Төрағасының орынбасарына беріледі.

6.26. РНП Төрағасы мемлекеттік басқару органдарымен, мемлекеттік емес ұйымдармен, соның ішінде шетелдік және халықаралық ұйымдармен, өзара қарым-қатынастарда РНП-ның өкілетті және заңды өкілі болып табылады.   

Қолданыстағы заңнамадан және осы Жарғы ережелерінен туындайтын өз өкілеттіктерін жүзеге асыру барысында Төраға сенімхатсыз әрекет етеді.

6.27.РНП Төрағасы өзінің өкілеттік мерзімі ішінде нотариаттық, оқытушылық, ғылыми және шығармашылық қызметтерден басқа өзге төленетін қызметтерді атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, басқару органдарының немесе коммерциялық ұйымдардың қадағалау кеңестерінің құрамына кіруге құқылы емес.

6.28. РНП Төрағасы:

- РНП Съездерін дайындауды және өткізуді ұйымдастырады;

- РНП-ның Басқарма отырыстарын дайындайды және өткізеді;

- РНП Басқармасының және аппаратының ағымдағы жұмысын басқарады;

- РНП қызметінің жарғылық түрлерін жүзеге асыруға жауапты болады және бақылауды іске асырады;

- РНП-ның ағымдағы қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды жүзеге асырады;

- РНП атынан меморандумдарға, келісімдерге және азаматтық-құқықтық шарттарға қол қояды;

- нотариустардың халықаралық, шетелдік қоғамдастықтарында және өзге де халықаралық коммерциялық емес ұйымдарда РНП мүдделеріне өкілдік етеді;

- РНП-ның қаржылық және басқа да құжаттарына бірінші қол қою құқығына ие;

- банк мекемелерінде есеп айырысу шоттарын ашады;

- РНП атынан іскерлік хат жазысуды жүргізеді; 

- РНП Басқармасының мүшелеріне олардың құзыретіндегі мәселелер бойынша тапсырмалар береді;

- бекітілген бюджет немесе смета шеңберінде РНП қаражаттарын басқарады;

- мемелекеттік органдарда, мемлекеттік емес ұйымдарда, соның ішінде шетелдік және халықаралық ұйымдарда РНП мүдделеріне өкілдік етеді;

- РНП Съездерінің және Басқармасының шешімдерін орындауды ұйымдастыруға жауапты болады;

- РНП-ның іс қағаздарын жүргізуді қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асырады;

- РНП Басқарма аппаратының қызметкерлерімен орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

- Қазақстан Республикасының Заңнамасымен және осы Жарғымен белгіленген РНП өкілеттіктерін жүзеге асыру мәселелері бойынша РНП өкілдігіне сенімхаттар береді;

- заңнамалық актілермен және осы Жарғымен белгіленген шеңберде және шектерде өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады;

6.29. РНП қызметін қамтамасыз ету үшін РНП Төрағасымен қалыптасатын аппарат құрылады.

Еңбек заңнамасына сәйкес аппарат қызметкерлері РНП Төрағасының бұйрығы бойынша қызметке тағайындалады және босатылады.

Аппарат қызметкерлері РНП Төрағасымен бекітілген, оларға жүктелген функционалдық міндеттерді орындауға міндетті.

6.30.Аппарат қызметкерлеріне сыйақы және өзге де төлемдердің мөлшері РНП Төрағасының ұсынуы бойынша  Басқарма шешімімен белгіленеді.

РНП Төрағасына сыйақы мөлшері РНП Басқармасының шешімімен белгіленеді.

6.31.РНП-ның қаржы-шаруашылық қызметіне және оның шаруашылық құрылымдық бөлімшелеріне, филиалдарына, өкілдіктері мен ұйымдарына бақылауды жүзеге асыру үшін ашық дауыс беру жолымен, төрт жыл мерзімге, құрамында үш адам болатын Ревизиялық комиссия құрылады.

Ревизиялық комиссияның мүшелері болып РНП Басқармасының мүшелері сайлана алмайды.

Ревизиялық комиссия құрамы Съезд делегаттарының санынан сайланады.

Ревизиялық комиссия өз құрамынан комиссияның жұмысын ұйымдастыратын және басқаратын Төрағаны сайлайды.

6.32.Ревизиялық комиссия есеп беру мерзімінде РНП қызметінің қорытындылары бойынша  РНП-ның қаржы-шаруашылық қызметіне тексерулер жүргізеді.

6.33.Ревизиялық комиссия өз бастамасымен, РНП Съезінің немесе Басқармасының шешімдеріне сәйкес немесе РНП Төрағасының бастамасы бойынша кез келген уақытта тексерулер жүргізуге құқылы. Тексерулер жүргізу үшін Ревизиялық комиссия басқа тәуелсіз мамандарды немесе аудиторларды тартуға құқылы.

Ревизиялық комиссияның талап етуі бойынша РНП аппаратының қызметкерлері оның Төрағасына РНП-ның қаржы-шаруашылық қызметі туралы кез келген  құжаттарды ұсынуға міндетті. Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша Ревизиялық комиссия комиссияның барлық мүшелерімен және тартылған тұлғаларымен қол қойылатын акт жасайды және Съезге ұсынады.

РНП-ның Ревизиялық комиссиясы актісінің құрамы РНП-ның барлық мүшелеріне қол жетімді.

6.34.РНП-ның Ревизиялық комиссиясы РНП-ның немесе оның құрылымдарының қаржы-шаруашылық қызметіне араласуға және олардың қызметін тоқтатуға құқылы емес.

6.35. РНП-ның Ревизиялық комиссиясы, қажет болған жағдайда, осы Жарғымен белгіленген  тәртіпте кезектен тыс Съезді шақыртуды талап етуге құқылы.

 

VII.        РНП мүлкінің қалыптасу көздері

 

7.1. РНП меншігінде ғимараттарға, құрылыстарға, тұрғын үй қорына, құрал-жабдыққа, бұйымға, мәдени-ағарту, сауықтыру және оқыту мақсатындағы мүлікке, ақшаға, акцияларға, бағалы қағаздарға және жарғылық қызметті материалдық қамтамасыз ету үшін өзге де мүлікке ие бола алады.

РНП меншігінде өз қаражаттары есебінен құрылатын баспалар және кәсіпорындар болуы мүмкін.

РНП қаражаттары жарғылық мақсаттарға жетуге және қызметтің жарғылық түрлерін іске асыруға жұмсалады.

 7.2. РНП мүлкінің қалыптасу көздері келесілер болып табылады:

- РНП мүшелерінің мүшелік жарналары мен басқа да түсімдері;

- нотариустардың ерікті жарналары мен заңды және жеке тұлғалардың қайырымдылықтары;

- білім беруге арналған және басқа да шаралар өткізуден түскен түсімдер;

- РНП-ға тиесілі акциялар мен басқа да бағалы қағаздар бойынша дивидендтер және кірістер;  

- халықаралық және шетелдік коммерциялық емес ұйымдардан алынған гранттар;

- заңнамамен тыйым салынбаған РНП-ның өндірістік, шаруашылық, баспа және өзге де қызметінен түскен кірістер.

 - заңнамамен белгіленген тәртіпте мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен РНП-мен алынған қаражаттар;

- заңнамамен тыйым салынбаған басқа да қаражаттар.

7.3. РНП қолдануында жедел басқару немесе жалға алу құқығындағы мүлікке ие бола алады.

7.4. АНП РНП Съезімен және осы Жарғымен бекітілген көлемде, тәртіпте және мерзімде мүшелік жарналарды төлеуге міндетті.

Мүшелік жарналар РНП мүлкін қалыптастырудың негізгі көзін құрайды  және оның меншігі болып табылады.

Мүшелік жарналар өткен айдан кейінгі айдың 10-шы күніне дейін АНП-ның төлеуіне жатады.

РНП-ға  мүшелік жарналарды 6 ай ішінде төлемеген жағдайда, РНП берешек сомасын төлету үшін сотқа жүгінуге құқылы.

7.5.РНП мүшелері мен мемлекет РНП міндеттемелері мен қарыздары бойынша жауап бермейтіні сияқты, РНП өз мүшелері мен мемлекеттің міндеттемелері мен қарыздары бойынша жауап бермейді.

7.6. РНП қолданыстағы заңнамаға сәйкес жаза қолдануы мүмкін өзіне тиесілі мүлік шегінде өз міндеттемелері мен қарыздары бойынша жауапты болады.

7.7. РНП-ның мүлкін, соның ішінде оның ақшалай қаражаттарын тікелей басқаруды РНП Төрағасы жүзеге асырады.

7.8. Меншік құқығындағы РНП-ға тиесілі жылжымайтын мүлікті және мәміле жасау күніне республикада белгіленген 1000-есе есептік көрсеткіштен жоғары теңгерімдік құнындағы мүлікті иеліктен шығару немесе шектеу қою Басқарма шешімімен ғана жүргізіледі.

 

VIII.     РНП жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу тәртібі

 

8.1. Осы Жарғыға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы шешімді тек РНП Съезі қабылдай алады.

8.2. РНП Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды енгізу құқығы РНП Басқармасына, сондай-ақ РНП-ның кез келген мүшесіне тиесілі.

8.3. РНП Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы РНП Басқармасының ұсынысы Басқарма мүшелерінің 2/3 даусымен қабылдануы тиіс және оның шешімі түрінде ресімделуі тиіс.

8.4. РНП Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы АНП ұсынысы нотариустардың жалпы жиналысында қабылдануы тиіс және жиналыс хаттамасы түрінде ресімделуі тиіс. Жиналыс хаттамасы РНП Басқармасына оны қабылдаған күннен бастап он күннен кешіктірмей жолдануы тиіс.

 8.5.РНП Төрағасы Жарғыға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы РНП Басқармасынан және (немесе) АНП-дан түскен ұсыныстарды талқылауды олардың түскен күнінен бастап екі ай ішінде барлық АНП-ға жолдауы тиіс. Енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды РНП Басқармасы және басқа бестен кем емес АНП бастамашы-палатасы қолдаған жағдайда, осы Жарғымен бекітілген тәртіпте РНП Съезі шақырылады.  

8.6. Жарғыға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Съезд шешімі Съезд жұмысына қатысушы делегаттардың санынан 2/3 кем емес дауыстарымен қабылданады.

8.7. РНП Жарғысына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы мемлекеттік тіркеу органына хабарланады.

 

ІХ. РНП-ны қайта құру және қызметін тоқтату шарттары

 

9.1. РНП ерікті түрде (РНП Съезінің шешімі бойынша) және Қазақстан

Республикасының заңнамалық актілерімен қарастырылған тәртіп пен мерзімдер негізінде ықтиярсыз (сот шешімі бойынша) таратылуы мүмкін.

 

Х. РНП таратылған жағдайда мүлікті пайдаланудың тәртібі

 

10.1. РНП таратылған жағдайда оның мүлігі жарғылық мақсаттарға бағытталуы тиіс.

 

ХІ. Филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтер

 

11.1. РНП-ның филиалдары мен өкілдіктері жоқ.

 

Республикалық нотариаттық
Палатаның төрайымы  
                                                       Ә. Жанәбілова
FaLang translation system by Faboba
enis