Последние новости

НОТАРИУСТЫҢ АР-НАМЫС КОДЕКСІ.

Жеке тәжірибемен айналысушы 
нотариустардың
Республикалық Съезімен
2001 жылдың 16 ақпанында бекітілген.

 

НОТАРИУСТЫҢ АР-НАМЫС КОДЕКСІ.

(Аумақтық нотариаттық палаталар өкілдерінің 27.04.2012 ж. өткен
 Съезд шешімімен енгізілген өзгерістермен)

1. Жалпы ережелер

 

            І бөлімнің I тармағына 2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес өзгерістер енгізілді.
1.Қазақстан Республикасы нотариусының ар-намыс Кодексі Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңына, нотариустардың нотариаттық қызметке деген жауапкершілігін сипаттайтын және нотариустың кәсіби борышын орындауға қойылатын жоғары талаптарды ұғынуын білдіретін Республикалық нотариаттық палатаның Жарғысына сәйкес әзірленген.  
Нотариустың ар-намыс Кодексі нотариаттық қызметтің және нотариустың жеке мінез-құлығының кәсіби және моральдық-этикалық үлгілерін, кәсіби тәртіп пен этиканы бұзу сипатын, жауапкершілік түрлерін, жаза қолдану және жою тәртібін, сондай-ақ нотариусты көтермелеу шарасын қалыптастырады.
2.Осы Кодекстің ережелері жеке тәжірибемен айналысатын нотариустарға таралады (бұдан әрі - нотариус).  

II. Нотариустың кәсіби қызметінің қағидаттары.
1.Нотариус өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының  «Нотариат туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік актілеріне, Қазақстан Республикасымен бекітілген халықаралық шарттарға, нотариаттық палаталардың жарғылары мен шешімдеріне және осы Кодекске бағынуға міндетті.
2.Нотариус  өз кәсіби қызметін жүзеге асыру барысында келесі моральдық-этикалық міндеттемелерді сақтауға міндетті:
- заң талаптарын сақтай отырып, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің қызығушылықтарын қорғау;
- өз іс-әрекеттерінде жалпы қабылданған адамгершілік нормалары мен мінез-құлық ережелерін сақтау;
- нотариаттық қызметтің бейтараптығы мен тәуелсіздігіне қандай да бір күмән келтіретін, қоғамдық пікірде нотариустың беделін түсіруге және кәсіби абыройына нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге жол бермеу;
- қарым-қатынас мәдениетін сақтау, шыдамдылық, ізеттілік, әдептілік, сыйластық көрсету, азаматтарға формальды-бюрократиялық қатынастың болуына жол бермеу, барлық жағдайда шыдамдылық пен жеке басының қадір-қасиетін сақтауға ұмтылу;
- заң кәсібіндегі әріптестеріне сыйластық, сенімділік және ізгі ынтамақтастық рухында қарау;
- өзінің кәсіби деңгейін әрдайым көтеру;
- кәсіби құпияны сақтау;
-нотариаттық  қызметті міндетті сақтандыру талаптарын сақтау, өзінің кәсіби жауапкершілігінің деңгейі мен көлемін өз қызметінің тәуекелділігімен және көлемімен өлшемдестіру.

         III бөлімнің атауы 2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес өзгертілді.

III. Нотариустың жеке және заңды тұлғалармен,
сондай-ақ мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасы.

1. Нотариус нотариаттық іс-әрекет жасауға жүгінген жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін заңнамаға сәйкес қамтамасыз етеді.
2. Нотариус нотариаттық іс-әрекеттер жасау барысында жеке және заңды тұлғаларға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруға жәрдемдеседі, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді,  заңнан бейхабарлығының зияны тимеу үшін жасалынатын нотариаттық іс-әрекеттердің салдарын ескертеді.
3. Кәсіби қызметін жүзеге асыруға байланысты мәлім болған мәліметтерді құпия сақтауға міндетті.
4. Нотариаттық іс-әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасына сай келмеген жағдайда, нотариус ол іс-әрекетті жасаудан бас тартуға міндетті.
      III бөлімнің 5 тармағына 2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес өзгерістер енгізілді.
5. Нотариус әр нотариаттық іс-әрекет жасау алдында нотариаттық іс-әрекет жасауға жүгінген тұлғаларға ҚР-ның қолданыстағы заңнамасына сәйкес тарифтер туралы ақпарат беруі тиіс.
6. Нотариус шыдамдылық, ізеттілік пен әдептілік, сонымен қатар сөйлеу мәдениетін, мінез-құлқы мен сыртқы бейнесін көрсетуі тиіс.
7. Нотариус кәсіби міндеттемелерін орындау барысында келесілерге жол бермеуі тиіс:
- дәлелсіз себеппен белгіленген жұмыс тәртібі мен кеңсеге қойылатын талаптарды бұзуы;
- заңнамада көзделген жағдайларда нотариаттық іс-әрекетті жасауға жүгінген тұлғаларға шығудан негізсіз бас тартуы.
         2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес III бөлім 8, 9, 10 және 11 тармақтарымен толықтырылды.
8. Нотариус өзінің жоғары мәртебесі мен заңгерлік кәсібіне сәйкес мемлекет және сот билігінің органдарын құрметтеуі мінддеті. 
9. Мемлекеттік биліктегі уәкілетті орган өкілдерімен тиісті кәсіби қарым-қатынаста болуы міндетті, сонымен қатар ұқыпты, жауапты, әдепті және сыпайы болуы керек.
10. Нотариус тәуелсіз болуы тиіс және Заң талаптарын қатаң сақтай отырып, өзінің кәсіби міндеттерін орындау барысында объективті болуы тиіс.
11. Заңнама талаптарына сәйкес өз құзыреті шегінде әрекет ететін уәкілетті органдар мен лауазымды тұлғалармен сұралатын құжаттарды белгіленген мерзімде ұсынуы, ал қажет болған жағдайда нотариаттық іс-әрекеттерді жасаудың құпиялығы туралы заңнама талаптарын сақтай отырып, істерді қарау мен мәселелерді шешуге қатысу үшін өзі келуі міндетті.

IV  бөлім атауы 2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес өзгертілді.

IV. Нотариус пен нотариаттық палатаның қарым-қатынастары.

1. Нотариус нотариаттық палатамен қарым-қатынастарында, нотариустардың нотариаттық палатаға міндетті мүшелігі туралы заңнама талаптарын басшылыққа ала отырып, келесілерге міндетті:
-   нотариаттық палатаға қойылған міндеттердің орындалуына қатысу;
- палата жиналысының жұмысына және онымен ұйымдастырылатын кәсіби іс-шараларға қатысу;
- кәсіби біліктілікті көтеру, оқыту және жұмыс тәжірибесімен алмасу шараларына қатысу;
- нотариаттық палатаға уақытылы және толық көлемде мүшелік жарналарды және нотариустардың жалпы жиналысымен бекітілген басқа да төлемдерді төлеу;
- нотариустың кәсіби міндеттерін орындау бойынша мәселелерді қарастыру және шешу үшін палата басқармасының шақыруы бойынша келу;
- палата басқармасының, төрағасының сұраулары бойынша құжаттарды ұсыну, сонымен қатар олардың құзыреті шегінде қаралатын мәселелер бойынша жазбаша және ауызша түсініктеме беру;
           2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес тармақша өзгертілді.
- бекітілген нысан бойынша белгіленген уақытта палатаға статистикалық  мәліметтер  беріп отыру;
           IV бөлімнің І тармағы  2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес тармақшамен толықтырылды.
- нотариаттық палата органдарының шешімдерін орындау;
- аумақтық нотариаттық палаталардың Жарғы ережелерінің талаптарын сақтау.

V  бөлім атауы 2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес өзгертілді.

V. Нотариустың әріптестермен және нотариаттық  қоғамдастықпен
қарым-қатынастары.
1. Нотариус әріптестері мен нотариаттық  қоғамдастық арасындағы қарым-қатынаста келесілерге міндетті:
- кәсібі бойынша әріптестерімен өзара сыйластық, сенімділік және кәсіби өзара әрекеттестік қағидаттары негізінде қатынастар орнату, сыпайылық пен тілектестік білдіру;
- қызметіне әсер етуі мүмкін мәселелер бойынша және кәсіби әлеуетті қиындықтар туралы, сондай-ақ кәсіби ынтымақтастықты талап ететін басқа да мәселелер туралы ақпараттандыра отырып, әріптестеріне қатысты кішіпейіл және әдепті болу;
- нотариаттық қызметке қатысты әріптестерінің сұраулары мен жолданымдарына  жедел және анық жауап беру;
- бірлескен және кәсіби ынтымақтастық пен қызметінің және барлық нотариаттық қоғамдастықтың беделіне деген қамқорлық аясында жас әріптестеріне көмек көрсету және кәсіби тәжірибе беру.
2. Нотариус әріптестері арасындағы қарым-қатынаста келесілерге құқылы емес:
2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес тармақша өзгертілді.
- өз біліктілігін сипаттай отырып, әріптестерінің абыройын, кәсіби қадір-қасиеті мен беделін төмендетуге;
- теріс пиғылды бәсеке жүргізуге;
2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес тармақша өзгертілді.
- жеке жарнамамен айналысу, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында және/немесе ғаламтор қорларында, нотариаттық қызметке тікелей қатысы жоқ құрметті атақтарға, ғылыми дәрежелерге және өзінің біліктілігінің қосымша ерекшеліктеріне сілтеме жасау жолымен өзіне және өз қызметіне жарнама жасауға (нотариустың орналасқан жері мен жұмыс тәртібін көрсету жарнама болып табылмайды);
- басқарманың немесе палата төрағасының алдын ала келісімісіз кәсіби сұрақтар бойынша нотариаттық палата атынан бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуге.

 

 

VI. Тәртіптік теріс қылықтар.

Нотариустың өз кәсіби міндеттерін тиісті емес орындауы немесе орындамауы, сондай-ақ нотариустың мінез-құлқының этикалық нормалары мен Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Кодекспен белгіленген өзге де талаптарды бұзуы тәртіптік теріс қылықтар болып танылады.  
Осы Кодекске сәйкес тәртіптік теріс қылықтарға келесілер жатады:
- заңнамаға қайшы келетін нотариаттық іс-әрекеттер жасау;
2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес тармақша өзгертілді. 
- кәсіпкерлік қызметпен айналысу;
- шарт жасасу барысында делдалдық қызмет көрсету;
-нотариаттық іс-әрекеттер жасау нәтижесінде зиян келтіру салдарынан пайда болатын міндеттемелер бойынша, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырусыз  нотариаттық қызметті жүзеге асыру;
- нотариустың жеке өзімен қатар нотариуста жалдамалы жұмыс істейтін тұлғалар жағынан нотариаттық іс-әрекеттерді жасаудың құпиялығын бұзу;
- Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңының 34 бабында қарастырылған  нотариаттық іс-әрекеттерді жасаудан заңсыз бас тарту;
- нотариустың жеке мөрін, нотариаттық іс-әрекеттерді жасауға арналған тізілімін, нотариус мұрағатын, бланкілер мен басқа да қызметтік құжаттарын нотариустың кінәсі бойынша жоғалту немесе басқа тұлғаларға беру;
2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес тармақша өзгертілді.   
- аумақтық нотариаттық палаталардың Жарғыларымен қарастырылған мерзімде дәлелсіз себеппен нотариаттық палатаға мүшелік жарналарды уақытылы төлемеу; 
-   нотариус қызметінің аумақтық қағидатын бұзу;
- статистикалық есептілікті, қажетті ақпаратты немесе нотариаттық палатаның сұраулары бойынша мәліметтерді бермеу немесе уақытылы емес беру;
- дәлелсіз себеппен екі айдан астам нотариаттық іс-әрекеттер жасаудың тұрақты орнының болмауы;
- мөрдің, құжаттар мен құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпеу;
- өзінің атына және өзінің атынан жұбайының атына және атынан, оның және өзінің ата-анасының атынан, балалары, ағалары, әпкелері, немерелері, атасы және апасы аттарынан нотариаттық іс-әрекеттер жасау;
- нотариаттық палатаның жалпы жиналыстарына (бір реттен аса) немесе кәсіби біліктілікті арттыру және өзге де мәселелер бойынша өткізілетін іс-шараларға (бір реттен аса), шақыру бойынша палата Басқармасының отырысына дәлелсіз себеппен қатыспау;
2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес тармақша өзгертілді. 
- нотариаттық іс жүргізудің ережелерін, белгіленген жұмыс тәртібін дәлелсіз себеппен өрескел және бірнеше рет бұзу (күнтізбелік жыл ішінде екі және одан көп рет), нотариаттық іс-әрекеттер жасауға жүгінген тұлғаларды қабылдау және құжаттарды сақтау үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз етпеу;
- теріс пиғылды бәсеке жүргізу, және де нотариустың орналасқан жері мен жұмыс тәртібін санамағанда жеке жарнамамен айналысу;
2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес тармақша өзгертілді. 
- нотариаттық іс-әрекеттер жасау барысында осы Кодекспен қарастырылған моральдық-этикалық нормаларды бұзу;
- нотариаттық палаталар съездінің, жиналыстары мен басқармасының шешімдерін орындамау;
 VI бөлімнің 2 тармағы 2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес тармақшамен толықтырылды.
- нотариустардың жалпы жиналысында мінез-құлықтың моральдық-этикалық нормаларын бұзу;
- мемлекеттік баж мөлшерлемесін ерікті өзгерту және Заңмен белгіленген мөлшерлемелердің көлемімен салыстырғанда нотариаттық тариф көлемін көтеру немесе төмендету, сонымен қатар Заңмен, заңға тәуелді актілермен және аумақтық нотариаттық палаталардың ұсынуларымен белгіленген төлеу ережелерін бұзу;
-  аумақтық нотариаттық палатаға хабарламай жұмыс орнында екі күннен астам болмауы.

VII. Кәсіби (тәртіптік) әсер ету шаралары.

2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес өзгертілді.
Кәсіби (тәртіптік) әсер етушаралары болып келесілер табылады:
- ескерту;
- сөгіс;
- қатаң сөгіс;
- ҚР Әділет Министрлігіне, прокуратураға, Республикалық нотариаттық палатаға нотариус лицензиясының күшін тоқтата тұру немесе тоқтату туралы ұсыныстар енгізу;
-Республикалық нотариаттық палатаға нотариус лицензиясынан айыру туралы ұсыныстар енгізу.

VIII. Тәртіптік жазаларды салудың тәртібі.

1. Тәртіптік теріс қылықтар туралы мәселені қарастыру үшін азаматтардың, заңды тұлғалардың, нотариустардың жолданымдарында,  сот, прокурор, тергеу органдарының тексеру материалдары мен ұсынуларында баяндалған фактілер негіз болып табылады.
2. Тәртіптік жаза нотариаттық палатаның Басқармасымен салынады.
3. Тәртіптік теріс қылықтар туралы мәселені қарау жалпы жиналыспен, басқармамен, нотариаттық палата төрайымымен қозғалуы мүмкін.
4 тармақ 2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес өзгертілді.
4. Тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық тікелей табылған жағдайда салынады, нотариустың ауырған уақытын, оның демалыста немесе басқа да дәлелді себеппен болмағандығын санамағанда, тәртіптік теріс қылық табылған күннен бастап бір айдан кешіктірмей тәртіптік жаза салынады. Тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылықты жасаған күннен бастап алты айдан кешіктіріліп қолданыла алмайды.
5 тармақ 2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес өзгертілді.
5. Тәртіптік жауапкершілік туралы мәселе басқарма отырысының басталғанына дейін үш күн бұрын кешіктірмей мәселені қараудың күні мен уақыты туралы жазбаша түрде хабарланып, нотариустың қатысуымен қаралады. Нотариустың отырысқа дәлелсіз себептермен қайта келмеуі қолдағы бар материалдар негізінде істі қарауға кедергі болмайды. Істі қарау барысында нотариустан жазбаша түсініктеме талап етіледі және оны жауапкершілікке тартудың негіздері мұқият тексеріледі. Істің материалдары нотариусқа танысу үшін ұсынылады. Басқарма, нотариустың түсініктемелерін жан-жақты есепке ала отырып, барлық деректерді объективті және әділ зерттейді және нотариусты тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін негіздердің болуын, не болмауын белгілейді.
6. Тәртіптік әсер ету шаралары жол берілген тәртіп бұзудың ауыртпалық сипаты мен оның салдарының, оны жасаудың себептері мен шарттарының ерекшеліктерін негіздей отырып, жағдайларды түзеу мен бұзушылықтарды ескерту үшін таңдалған әсер ету шараларының тиімділігін есепке ала отырып, басқармамен анықталады.
7 тармақ 2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес өзгертілді.
7. Тәртіптік жаза қолдану туралы немесе жаза қолдану үшін жеткілікті негіз болмағандығы туралы басқарма шешімі отырыста қатысушы мүшелердің жартысынан кем емесі қатысқан жағдайда қабылданады. Тәртіптік жаза салуға негіздер болмаған жағдайда Басқарма тек талқылаумен шектелуі мүмкін. Егер отырысқа қатысушылардың жартысынан кем емесі оған дауыс берсе, шешім қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, отырыста төрағалық етушінің дауысы шешуші болып саналады.
8 тармақ 2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес өзгертілді.
8. Тәртіптік жауапкершілік туралы мәселелерді қарау басқарма хаттамаларымен рәсімделеді. Хаттама көшірмелері нотариаттық палаталардың барлық мүшелеріне жолданады.  Хаттама көшірмесі жауапкершілік туралы мәселесі қаралған нотариусқа жолданады. Тәртіптік жаза салған жағдайда хаттама көшірмесі аумақтық әділет органына жолданады. Тәртіптік теріс қылықтарды жасау бойынша барлық жазбаша материалдар нотариаттық палатада, нотариустың жеке ісінде сақталынады.
9 тармақ 2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес өзгертілді.
9. Нотариустың тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тек бір ғана тәртіптік жаза салына алады.
10 тармақ 2012 жылдың 27 сәуірінде өткен Съезд шешіміне сәйкес өзгертілді.
10. Тәртіптік теріс қылықтың әсер ету мерзімі оны қолданған күннен бастап алты айдан аспауы керек. Егер осы уақыт ішінде нотариус жаңа тәртіптік жаза салуға тартылмайтын болса, оның  тәртіптік жазасы жоқ болып есептеледі. Нотариустың кәсіби міндеттеріне адал қатынасы, жіберілген бұзуларды қайта жасамауы және мінсіз мінез-құлық көрсеткен жағдайда жалпы жиналыс немесе палата басқармасы жаза қолданған күннен бастап, үш ай мерзім өтуі бойынша мерзімінен бұрын алып тастауы мүмкін.    
11. Жаза қолданылған нотариус Басқарма шешіміне нотариаттық палатаның жоғарғы органына шағым беруге құқылы. Нотариаттық палатаның жоғарғы органы қолданған жазаны жоюға құқылы.

IX. Нотариусты көтермелеу.

Кәсіби міндеттерін жоғары дәрежеде орындағаны үшін, көп жылғы мінсіз кәсіби қызметі үшін, нотариаттық палатаның сайлау органдарындағы жұмысы үшін, нотариусты көтермелеу келесі түрде қаралады: 
- алғыс білдіру;
- бағалы естелік сыйлығымен марапаттау;
- грамотамен марапаттау;
- «Нотариус бюллетені» журналында немесе газеттерде фотосуретімен бірге өмірбаянынан үзінді жариялау;
- «ҚР-ның еңбек сіңірген заңгері» атағын, «ҚР-ның құрметті нотариусы» атағын алуға ұсыну.
Көтермелеу туралы шешімдер нотариаттық палата басқармасымен қабылдана алады.

FaLang translation system by Faboba
enis